Қолдану көрсеткіштері
Ересектердегі эссенциальді гипертензияны емдеу, Нолипрел Форте Аргинин, үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар артериялық қысымды бақылау үшін периндоприлмен монотерапия жеткіліксіз болған пациенттерге қолданылады.
Ересектердегі эссенциальді гипертензияны емдеу, Нолипрел Форте Аргинин, үлбірлі қабықпен қапталған таблеткалар артериялық қысымды бақылау үшін периндоприлмен монотерапия жеткіліксіз болған пациенттерге қолданылады.
Периндоприлмен байланысты:
белсенді затқа немесе АӨФ кез келген басқа тежегішіне жоғары сезімталдық
анамнезде АӨФ тежегішімен емдеуге байланысты ангионевроздық ісіну (Квинке ісінуі)
тұқым қуалайтын немесе идиопатиялық ангионевроздық ісіну
жүктіліктің екінші және үшінші триместрі
қант диабеті бар немесе бүйрек функциясы бұзылған (ШСЖ < 60мл/мин/1,73 м²) пациенттерде Нолипрел Форте Аргининді құрамында алискирен бар препараттармен бір мезгілде қолдану
сакубитрилмен/валсартанмен емдеуде бір мезгілде қолдану. Сакубитрил/валсартанның соңғы дозасын қабылдау мен Нолипрел Форте Аргинин препаратымен емдеуді бастау арасында кемінде 36 сағат аралықты сақтау қажет
- қанның теріс зарядталған беткеймен жанасуына әкелетін экстракорпоральді қан айналу
- бүйрек артерияларының елеулі екі жақты стенозы немесе қызмет атқаратын бір бүйректегі артерия стенозы
- бүйрек артерияларының екі жақты стенозы немесе қызмет атқаратын бір бүйректің болуы
Индапамидпен байланысты:
белсенді затқа немесе кез келген басқа сульфаниламидті препаратқа жоғары сезімталдық
бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі (креатинин клиренсі минутына 30 мл-ден төмен)
бауыр энцефалопатиясы
бауыр функциясының ауыр жеткіліксіздігі
гипокалиемия
Периндоприл және индапамидпен байланысты:
Емдеу тәжірибесінің жоқтығымен байланысты, Нолипрел Форте Аргининді келесі жағдайларда қолданбаған жөн:
диализ жүргізу қажеттілігі бар пациенттерде
емделмеген декомпенсацияланған жүрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттерде
- 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер
Қолданған кездегі қажетті сақтандыру шаралары
Периндоприл мен индапамид үшін ортақ:
Литий
Литий мен периндоприл мен индапамид біріктірілімін қолдану әдетте ұсынылмайды
Периндоприлмен байланысты:
Ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің (РААЖ) қосарлы блокадасы
АӨФ тежегіштерін және ангиотензин II рецепторларының блокаторларын немесе алискиренді бір мезгілде қолданудың гипотензия, гиперкалиемия қаупін арттыратыны және бүйрек функциясының төмендеуін (бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігіне дейін) туындататыны айғақталды. Сондықтан АӨФ тежегіштерін және ангиотензин II рецепторларының блокаторларын немесе алискиренді біріктіріп қолдану жолымен РААЖ қосарлы блокадасы ұсынылмайды.
Егер қосарлы блокада абсолютті түрде қажет болса, оны тек маманның қадағалауымен ғана және бүйрек функциясына, электролиттер деңгейіне және артериялық қысымға жиі мұқият мониторинг жағдайында ғана жүргізген жөн.
Диабеттік нефропатиясы бар пациенттерге АӨФ тежегіштерін және ангиотензин II рецепторларының блокаторларын бір мезгілде тағайындауға болмайды.
Калий жинақтаушы диуретиктер, калий препараттары және ас тұзының құрамында калий бар алмастырғыштары
Әдетте периндоприлді калий жинақтаушы диуретиктермен, калий препараттарымен және ас тұзының құрамында калий бар алмастырғыштарымен біріктіруге болмайды.
Нейтропения / агранулоцитоз / тромбоцитопения / анемия
АӨФ тежегіштерін қабылдау аясында нейтропения, агранулоцитоз, тромбоцитопения және анемия байқалды. Бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде басқа асқыну факторлары болмаған кезде нейтропения сирек дамиды. Периндоприлді дәнекер тінінің аурулары бар пациенттерде, иммунодепрессанттарды, аллопуринолды немесе прокаинамидті қабылдаған кезде немесе осы ауырлық факторлар үйлескен кезде, әсіресе егер анамнезінде бүйрек функциясының бұзылуы болса, аса сақтықпен қолданған жөн. Кейбір пациенттерде ауыр инфекциялар дамыды, олар кейбір жағдайларда антибиотиктермен қарқынды емдеуге берілмеді. Егер мұндай пациенттер периндоприл қабылдаса, лейкоциттік формулаға кезең-кезеңімен талдау жүргізу ұсынылады, ал пациенттерге инфекцияның кез келген белгілері (тамақтың ауыруы, қызба) туралы хабарлау қажеттігі туралы нұсқау беру керек.
Вазоренальді гипертензия
Бүйрек артериясының екі жақты стенозы немесе жұмыс істейтін жалғыз бүйрек артериясының стенозы бар пациенттерде АӨФ тежегіштерін қолдану кезінде гипотензия және бүйрек жеткіліксіздігі қаупі жоғарылайды. Диуретиктер бұл жағдайды ушықтыруы мүмкін. Бүйрек функциясының төмендеуі бүйрек артериясының біржақты стенозы бар пациенттердің өзінде креатининнің сарысулық концентрациясының елеусіз өзгерістерімен ғана көрініс беруі мүмкін.
Жоғары сезімталдық реакциялары/ ангионевроздық ісіну
Ангиотензин-өзгертуші фермент тежегіштерін, оның ішінде периндоприлді қабылдау аясында сирек жағдайларда беттің, аяқ-қолдың, еріннің, тілдің, дауыс саңылауының және/немесе көмейдің ангионевроздық ісінуі байқалды. Ол емдеу кезіңінде кез келген уақытта дамуы мүмкін. Мұндай жағдайларда периндоприл қабылдауды дереу тоқтату, пациентті ауруханаға жатқызу және барлық симптомдар пациентті шығару сәтіне шешілгеніне көз жеткізу үшін тиісті мониторингті бастау керек. Бет пен еріннің ісінуі әдетте емдемей-ақ өтеді, бірақ симптомдарды жеңілдету үшін антигистаминді дәрілер қолданылуы мүмкін.
Көмейдің ісінуімен қатар жүретін ангионевроздық ісіну өлімге әкелуі мүмкін. Тілдің, көмейдің немесе дауыс саңылауының ісінуі тыныс алу жолдарының өткізгіштігінің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін, бұл жағдайда дереу тиісті емді бастау керек, 1:1000 (0,3 мл - 0,5 мл) сұйылту кезінде адреналин ерітіндісін тері астына инъекциялау және/немесе тыныс алу жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау керек.
АӨФ тежегіштерін қабылдайтын қара нәсілді пациенттерде ангионевроздық ісіну басқа нәсілдердің өкілдеріне қарағанда жиі байқалды.
Анамнезінде АӨФ тежегіштерін қолданумен байланысты емес ангионевроздық ісінуі бар пациенттерде АӨФ тежегіштерін қабылдау кезінде оның даму қаупі артады.
Сирек жағдайларда АӨФ тежегіштерін қабылдаған пациенттерде ішектің ангионевроздық ісінуі байқалды. Пациенттер іштің ауыруына шағымданды (жүрек айнуымен немесе құсумен немесе оларсыз); кейбір жағдайларда беттің ангионевроздық ісінуі анамнезінде болмаған және C-1 эстераза деңгейі қалыпты болған. Ангионевроздық ісіну диагнозы КТ немесе іштің УДЗ негізінде немесе хирургиялық араласым кезінде қойылды, ал симптомдары АӨФ тежегішін қабылдауды тоқтатқаннан кейін жоғалды. Ішектің ангионевроздық ісінуін іштің ауыруына шағымданған АӨФ тежегіштерін қабылдайтын пациенттерде дифференциациялық диагностика жүргізу кезінде ескеру керек.
Ангионевроздық ісіну қаупінің жоғарылауына байланысты периндоприлді сакубитрилмен және валсартанмен біріктіруге болмайды. Периндоприлдің соңғы дозасын қабылдау мен сакубитрилмен және валсартанмен емдеуді бастау арасындағы аралық кемінде 36 сағатты құрауы тиіс. Сакубитрил және валсартанмен емдеу тоқтатылған кезде сакубитрил мен валсартанның соңғы дозасын қабылдау мен периндоприлмен емдеудің басталуы арасында кемінде 36 сағат аралықты сақтау қажет. АӨФ тежегіштері мен NEP (мыс., рацекадотрил) бейтарап эндопептидаза тежегіштерін бір мезгілде қолдану, mTOR (мыс., сиролимус, эверолимус, темсиролимус) тежегіштері және глиптиндер (мыс., линаглиптин, саксаглиптин, ситаглиптин, вилдаглиптин) ангионевроздық ісіну қаупін арттыруы мүмкін (тыныс алу жолдарының немесе тілдің, тыныс алу бұзылыстарымен бірге немесе онсыз тыныс алу бұзылыстарымен бірге немесе онсыз ісінуі). Осыған байланысты рацекадотрилді, mTOR (мыс., сиролимус, эверолимус, темсиролимус) тежегіштерін және глиптиндер (мыс., линаглиптин, саксаглиптин, ситаглиптин, вилдаглиптин) АӨФ тежегіштерін қабылдайтын пациенттерге қолданылады.
Десенситизация кезіндегі анафилактоидты реакциялар
Жарғаққанатты жәндіктердің (ара, сона) уымен десенсибилизациялайтын терапия кезінде АӨФ тежегіштерін қабылдау кезінде тұрақты, өмірге қауіп төндіретін анафилактоидты реакциялардың дамуы туралы жеке хабарламалар бар. АӨФ тежегіштерін десенситизацияны жүргізу кезінде аллергияға бейім пациенттерге сақтықпен қабылдау және умен иммунотерапия жүргізетіндерге қабылдауға толығымен жол бермеу керек. Дегенмен, бұл реакцияларды десенситизация жүргізілуі тиіс және АӨФ тежегіштері пайдаланылуы қажет пациенттерде емшараға дейін кемінде 24 сағат бұрын АӨФ тежегішін уақытша тоқтата отырып, болдырмауға болады.
ТТЛП аферезі кезіндегі анафилактоидты реакциялар
Сирек жағдайларда АӨФ тежегіштерін қабылдаған пациенттерде тығыздығы төмен липопротеиндер (ТТЛП) аферезі кезінде декстран сульфатын қолдана отырып, өмірге қауіп төндіретін анафилактоидты реакциялар дамыды. Мұндай реакциялардың алдын алу үшін аферездің әрбір емшарасы алдында АӨФ тежегіштерін қабылдауды уақытша тоқтату керек.
Гемодиализдегі пациенттер
АӨФ тежегіштерін қабылдайтын пациенттерде жоғары ультрафильтрациялық белсенділігі бар (AN 69®) жарғақшаларды қолдана отырып гемодиализ жүргізген кезде анафилаксиялық реакциялар байқалды. Бұл пациенттерде диализ үшін жарғақшаның басқа түрін немесе гипертензияға қарсы дәрінің басқа класын пайдалану керек.
Бастапқы гиперальдостеронизм
Ренин-ангиотензин жүйесін бәсеңдететін гипертензияға қарсы препараттар, әдетте, бастапқы гиперальдостеронизмі бар пациенттерде тиімсіз. Осыған байланысты осы препаратты қолдану ұсынылмайды.
Жүктілік
Жүктілік кезінде АӨФ тежегіштерін қабылдауды бастауға болмайды. Егер АӨФ тежегіштерімен емді жалғастыру аса қажет болмаса, жүктілікті жоспарлау кезінде пациент әйелді жүктілік кезінде пайдалануға арналған қауіпсіздік бейіні белгіленген баламалы гипотензиялық дәрілерге ауыстыру керек. Жүктілік басталған кезде АӨФ тежегіштерімен емдеуді дереу тоқтату және қажет болған жағдайда баламалы емді таңдау керек.
Индапамидпен байланысты:
Бауыр энцефалопатиясы
Бауыр функциясының бұзылуы кезінде тиазидті және тиазид тәрізді диуретиктерді қабылдау, әсіресе электролиттердің теңгерімсіздігі жағдайында, бауыр энцефалопатиясын тудыруы мүмкін, бұл прогрессивті түрде бауыр комасына өтуі мүмкін. Бұл жағдайда диуретик қабылдауды дереу тоқтату керек.
Фотосезімталдық
Тиазидті және тиазид тәрізді диуретиктерді пайдалану кезінде фотосезімталдық жағдайлары байқалды. Емдеу кезінде фотосезімталдық реакциясы байқалса, емдеуді тоқтату ұсынылады. Қажет болған жағдайда диуретикпен емдеуді жалғастыру үшін, дененің ашық жерлерін күн сәулесі мен А типті жасанды ультракүлгін сәулеленуден қорғау ұсынылады.
Қауіпсіздік шаралары
Периндоприл мен индапамид үшін ортақ:
Бүйрек функциясының бұзылуы
Бүйрек функциясының ауыр бұзылуында (креатинин клиренсі < 30 мл/мин) препаратты қолдануға болмайды.
Бүйрек функциясының алдыңғы айқын бұзылуынсыз гипертензиясы бар кейбір пациенттерде емдеу аясында функционалдық бүйрек жеткіліксіздігінің зертханалық белгілері пайда болуы мүмкін. Бұл жағдайда препаратпен емдеуді тоқтату керек. Бұдан әрі емдеуді не аз дозада немесе препараттың бір компоненті ретінде қайта бастауға болады.
Бұл пациенттерге емдеу басталғаннан кейін екі аптадан соң, содан кейін емдік тұрақтылық кезеңі ішінде екі айда бір рет калий және креатинин деңгейін жиі бақылау қажет. Бүйрек жеткіліксіздігі негізінен ауыр жүрек жеткіліксіздігі немесе бұрыннан бүйрек функциясының бұзылулары бар пациенттерде, оның ішінде бүйрек артериясының стенозы кезінде байқалды.
Әдетте препарат бүйрек артерияларының екіжақты стенозы немесе жұмыс істейтін жалғыз бүйрек болған жағдайда ұсынылмайды.
Гипотензия және су-электролиттік бұзылулар
Бұрыннан бар натрий мөлшерінің төмендеуі аясында кенеттен гипотензия қаупі бар (әсіресе бүйрек артериясының стенозы бар пациенттерде). Осыған байланысты диарея немесе құсу аясында болуы мүмкін сусызданудың және электролиттер мөлшерінің төмендеуінің клиникалық белгілерінің болуын жүйелі тексеру керек. Мұндай пациенттерде плазмадағы электролиттер деңгейін үнемі бақылау қажет.
Елеулі гипотензия кезінде изотониялық физиологиялық ерітіндінің венаішілік инфузиясы қажет болуы мүмкін.
Өтпелі гипотензия емді жалғастыру үшін қарсы көрсетілім емес. Айналымдағы қан мен артериялық қысымның қанағаттанарлық көлемін қалпына келтіргеннен кейін емдеуді барынша төмен дозада немесе тек бір компонентпен қайта бастауға болады.
Калий деңгейі
Периндоприлдің индапамидпен біріктірілуі, әсіресе диабеті немесе бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде гипокалиемияның дамуына кедергі бола алмайды. Диуретик негізінде кез келген гипертензияға қарсы препаратты қолданған жағдайдағыдай плазмадағы калий деңгейін үнемі бақылау керек.
Қосымша заттар
Нолипрел Форте Аргинин сирек тұқым қуалайтын бұзылулары бар: галактоза жақпаушылығы, жалпы лактаза жеткіліксіздігі және глюкоза-галактоза мальабсорбциясы бар пациенттерге тағайындауға болмайды.
Натрий деңгейі
Нолипрел Форте Аргининнің әрбір таблеткасының құрамында 1 ммоль натрий (23 мг) бар, яғни іс жүзінде натрий жоқ.
Периндоприлмен байланысты:
Жөтел
Ангиотензин-өзгертуші фермент тежегіштерін пайдалану кезінде құрғақ жөтел байқалды. Ол тұрақты сипатқа ие болды және емдеуді тоқтату кезінде жоғалады. Бұл симптомның этиологиясы ятрогенді болуы мүмкін. Егер ангиотензин-өзгертуші фермент тежегішін тағайындау қажет болса, емдеуді жалғастыруға болады.
Балалар мен жасөспірімдер
Балалар мен жасөспірімдерде монотерапияда немесе біріктірімде периндоприлдің қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған.
Артериялық гипотензия және/немесе бүйрек жеткіліксіздігі қаупі (жүрек жеткіліксіздігі, су-электролиттік бұзылулар және т. б. жағдайда)
Су мен электролиттерді едәуір жоғалту кезінде (қатаң тұзсыз диета немесе диуретиктермен ұзақ уақыт емдеу), әсіресе бастапқы артериялық қысымы төмен пациенттерде, бүйрек артериясының стенозында, іркілісті жүрек жеткіліксіздігінде немесе ісінулер мен асцитпен қатар жүретін бауыр циррозы кезінде ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің айқын стимуляциясы жүреді.
Демек, ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесінің бәсеңдеуі АӨФ тежегіштерін қабылдағанда, әсіресе бірінші тағайындағанда және емдеудің алғашқы екі аптасы ішінде артериялық қысымның кенеттен төмендеуіне және/немесе қан плазмасындағы креатинин мөлшерінің артуына әкелуі мүмкін, бұл функционалдық бүйрек жеткіліксіздігін білдіреді. Жекелеген, бірақ өте сирек жағдайларда мұндай бұзылыстар жедел дамиды және үдерістің басталуын болжау қиын.
Мұндай жағдайларда емдеуді неғұрлым төмен дозамен біртіндеп ұлғайта отырып, жаңарту керек.
Егде жастағы адамдар
Ем басталғанға дейін бүйрек функциясы мен калий деңгейін зерттеу керек. Бастапқы дозаны кенеттен гипотензияның дамуын болдырмау үшін артериялық қысымның төмендеу дәрежесіне байланысты, әсіресе су-электролиттік бұзылулар болған кезде түзетеді.
Атеросклероз
Гипотензия қаупі барлық пациенттерде бар, бірақ препаратты жүректің ишемиялық ауруы немесе ми қан айналымының жеткіліксіздігі бар пациенттерде аса сақтықпен қолдану керек. Оларды емдеуді төмен дозадан бастаған жөн.
Вазоренальді гипертензия
Вазоренальді гипертензияны емдеу реваскуляризациядан тұрады. Дегенмен, ангиотензин-өзгертуші фермент тежегіштері реконструктивтік операцияны күтетін вазоренальді гипертензиясы бар пациенттерде немесе мұндай операция мүмкін болмаған жағдайда тиімді болуы мүмкін.
Егер Нолипрел Форте Аргинин бүйрек артериясының анықталған стенозы бар немесе осындай диагнозға күдігі бар пациенттерге тағайындалса, емді бүйрек функциясын және калий мөлшерін тұрақты мониторингілеумен стационарда азғана дозадан бастау керек, өйткені кейбір пациенттерде емдеуді тоқтатқан кезде қайтатын бүйрек жеткіліксіздігі дамыды.
Жүрек жеткіліксіздігі / ауыр жүрек жеткіліксіздігі
Ауыр жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерде (IV дәрежелі) емдеуді бастапқы төмен дозадан медициналық бақылаумен бастаған жөн. Гипертензиясы және коронарлық жеткіліксіздігі бар пациенттерде бета-блокаторлармен емдеуді тоқтатуға болмайды: АӨФ тежегіштерін бета-блокаторларға қосады.
Диабетпен ауыратын науқастар
Инсулинге тәуелді диабеті бар пациенттерде (калий мөлшерінің өздігінен жоғарылауына үрдіс) препаратпен емдеуді төмен дозадан бастау және дәрігердің тұрақты бақылауымен жүргізу керек.
Бұрын пероральді диабетке қарсы препараттарды немесе инсулин қабылдаған диабетпен ауыратын науқастарда қандағы қант деңгейін, әсіресе АӨФ тежегішімен емдеудің бірінші айы ішінде мұқият бақылау керек.
Этностық айырмашылықтар
Басқа да ангиотензин-өзгертуші фермент тежегіштері сияқты периндоприл басқа нәсіл өкілдеріне қарағанда қара нәсіл өкілдерінде артериялық қысымды төмендетуде тиімділігі аз, бұл артериялық қысымы жоғары қара нәсілді пациенттер популяциясында ренин белсенділігінің төмен болуы салдарынан болуы мүмкін.
Хирургиялық араласым/ жалпы анестезия
Ангиотензин-өзгертуші фермент тежегіштері жалпы анестезияны жүргізу кезінде гипотензияға әкелуі мүмкін, әсіресе егер пайдаланылатын анестетиктің гипотензиялық потенциалға ие болса.
Сондықтан периндоприл сияқты ұзақ әсер ететін АӨФ тежегіштерін қабылдауды мүмкіндігінше хирургиялық операцияға дейін бір күн бұрын тоқтату ұсынылады.
Аортальді немесе митральді клапан стенозы/гипертрофиялық кардиомиопатия
Сол жақ қарыншаның шығу жолының обструкциясы бар пациенттерде АӨФ тежегіштерін қолданған кезде сақ болу керек.
Бауыр функциясының бұзылуы
Сирек жағдайларда АӨФ тежегіштерін қабылдау холестаздық сарғаюдан басталатын және бауырдың фульминантты некрозына дейін үдемелі және (кейде) өліммен аяқталатын синдроммен қатар жүреді. Бұл синдромның даму механизмі белгісіз. АӨФ тежегіштерін қабылдайтын пациенттерде сарғаю дамыған кезде немесе бауыр ферменттері белсенділігінің едәуір артуы кезінде АӨФ тежегіштерін қабылдауды тоқтату және тиісті медициналық тексеру жүргізу керек.
Гиперкалиемия
АӨФ тежегіштерін, периндоприл қоса қабылдаған кейбір пациенттерде сарысуда калий деңгейінің жоғарылауы байқалды. АӨФ тежегіштері гиперкалиемияны тудыруы мүмкін, өйткені олар альдостерон секрециясын тежейді. Бұл әсер әдетте бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде елеусіз болады. Гиперкалиемия қаупінің факторларына бүйрек жеткіліксіздігі, бүйрек функциясының нашарлауы, жасы (> 70 жас), қант диабеті, қатар жүретін құбылыстар, атап айтқанда сусыздану, жүрек қызметінің жедел декомпенсациясы, метаболизмдік ацидоз және калий жинақтаушы диуретиктерді (спиронолактон, эплеренон, триамтерен, амилорид және т. б.), калий препараттарын немесе құрамында калий бар тұз алмастырғыштарды бір мезгілде қабылдау, сондай-ақ сарысуда калий деңгейінің жоғарылауын тудыратын басқа да дәрілік препараттарды (гепариндер, ко-тримоксазол, сондай-ақ триметоприм/сульфаметоксазол, басқа да АӨФ тежегіштері, ангиотензин II рецепторларының антагонистері, ацетилсалицил қышқылы ≥ 3 г/тәул, ЦОГ-2 тежегіштері және селективті емес ҚҚСП, циклоспорин немесе такролимус, триметоприм сияқты иммунодепрессивті препараттар) әсіресе альдостерон антагонистері немесе ангиотензин рецепторларының блокаторларын қабылдау жатады. Калий препараттарын, калий жинақтаушы диуретиктерді немесе құрамында калий бар ас тұзын алмастырғыштарды пайдалану, әсіресе бүйрек функциясы бұзылған пациенттерде сарысудағы калий деңгейінің едәуір артуына әкелуі мүмкін. Гиперкалиемия күрделі, кейде өлімге әкелуі мүмкін аритмиялар тудыруы мүмкін. Калий жинақтайтын диуретиктерді және ангиотензин рецепторларының блокаторларын АӨФ тежегіштерін қабылдайтын пациенттерде сақтықпен қолдану керек; бұл ретте қан сарысуындағы калий деңгейін және бүйрек функциясына мониторинг жүргізу қажет. Препаратты жоғарыда аталған дәрілермен бір мезгілде қолдану қажет болған жағдайда оларды сарысудағы калий деңгейін жиі бақылау кезінде сақтықпен қабылдау керек.
Индапамидпен байланысты:
Су-электролиттік теңгерім
Натрий деңгейі
Емдеу басталғанға дейін натрий мөлшеріне бағалау жүргізу қажет, одан әрі мұндай зерттеулер жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Натрий деңгейінің бастапқы төмендеуі симптомсыз өтуі мүмкін, сондықтан тұрақты бақылау жүргізу қажет. Егде жастағы пациенттерде және бауыр циррозы бар пациенттерде бақылау жиі-жиі жүргізілуі тиіс. Барлық диуретиктер гипонатриемияға әкелуі мүмкін, кейде өте күрделі салдары болады. Гиповолемиямен гипонатриемия сусыздануға және ортостаздық гипотензияның дамуына әкелуі мүмкін. Хлор иондарының қатар жоғалуы салдарлы компенсаторлық метаболизмдік алкалоз тудыруы мүмкін: бұл әсердің пайда болу жиілігі мен айқындылығы елеусіз.
Калий деңгейі
Тиазидті және тиазид тәрізді диуретиктерді қабылдаудағы негізгі қауіп калий тапшылығына және тиісінше гипокалиемияға негізделген. Гипокалиемия бұлшықеттің бұзылуына әкелуі мүмкін. Рабдомиолиз жағдайлары туралы, негізінен ауыр гипокалиемия аясында хабарланды. Егде жастағы және/немесе жүдеу адамдар (политерапияға қарамастан), ісінумен және асцитпен қатар жүретін циррозбен ауыратын пациенттер, жүректің ишемиялық ауруы және жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттер сияқты жоғары қауіп тобындағы пациенттерде калий деңгейінің (<3,4 ммоль/л) төмендеуін болдырмау керек.
Мұндай жағдайларда гипокалиемия жүрек гликозидтерінің уыттылығын күшейтеді және аритмияның даму қаупін арттырады.
QT аралығының туа біткен немесе ятрогенді ұлғаюы бар пациенттер қауіп тобына жатады. Брадикардия сияқты гипокалиемия да жүрек ырғағының ауыр бұзылуларын, атап айтқанда «пируэт» түріндегі полиморфты қарыншалық тахикардияны дамыту үшін қауіп факторы болып табылады, ол өлімге әкелуі мүмкін.
Барлық жағдайларда калий деңгейін жиі талдау қажет. Плазмадағы калий деңгейін бірінші талдауды емдеу басталғаннан кейін бірінші апта ішінде жүргізу керек.
Калийдің төмен көрсеткіштері анықталған жағдайда, осы жағдайға түзету жүргізу қажет.
Қан сарысуындағы магний деңгейін түзетпейінше, қан сарысуындағы магний деңгейінің төмен болуынан пайда болған гипокалиемияны емдеу қиын болуы мүмкін.
Кальций деңгейі
Тиазидті және тиазид тәрізді диуретиктер кальцийдің несеппен шығарылуын азайтуға қабілетті, бұл плазмадағы кальций концентрациясының уақытша және елеусіз артуына әкеледі. Кальций деңгейінің едәуір артуы диагностикаланбаған гиперпаратиреозбен байланысты болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда емдеуді қалқанша без функциясын зерттеуге дейін тоқтату керек.
Плазмадағы магний мөлшері
Тиазидтер және олармен байланысты диуретиктер, соның ішінде индапамид, магнийдің несеппен шығарылуын арттыратыны анықталған, бұл гипомагниемияны тудыруы мүмкін.
Қандағы глюкоза мөлшері
Диабеті бар пациенттерде, әсіресе калий деңгейі төмен болғанда, қандағы глюкоза деңгейін бақылау қажет.
Несеп қышқылы
Құрамында несеп қышқылы жоғары пациенттерде подагра ұстамаларының ықтималдығы жоғарылайды.
Бүйрек функциясы және диуретиктер
Тиазидті және тиазид тәрізді диуретиктер бүйрек функциясы қалыпты жағдайда немесе тек сәл төмендеген жағдайларда ғана толық мөлшерде тиімді (ересектердегі креатинин деңгейі шамамен 25 мг/л төмен, яғни 220 мкмоль/л).
Егде адамдарда плазмадағы креатинин деңгейінің көрсеткіштерін Кокрофт формуласы бойынша жасына, салмағына және жынысына қарай түзетумен есептеу керек:
КК = (140 - жас) x дене салмағы / 0,814 x плазмадағы креатинин деңгейі
мұнда: жасы жылдармен көрінеді
дене салмағы – килограммен
плазмадағы креатинин деңгейі – литрге микромолдармен.
Бұл формула егде жастағы пациент ер адамға есептелген және әйелге бейімдеу үшін нәтижені 0,85-ке көбейту керек.
Диуретиктермен емдеудің басында су мен натрийдің жоғалуы салдарынан дамыған гиповолемия шумақтық сүзілудің төмендеуіне әкеледі. Бұл қандағы несеп және креатинин деңгейінің жоғарылауына әкелуі мүмкін. Бұл өтпелі функционалдық бүйрек жеткіліксіздігінің бүйрек функциясы қалыпты пациенттерде жағымсыз салдары жоқ, бірақ бұрыннан бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттің жағдайы нашарлауы мүмкін.
Спортшылар
Спортшылар бұл препараттың құрамында допинг-бақылау жүргізген кезде оң реакция беретін белсенді зат бар екенін білуі тиіс.
Хориоидальді жалқық, жедел миопия және салдарлы жабық бұрышты глаукома
Сульфонамидтер және олардың туындылары көру өрісінің ақауымен хориоидальді жалқыққа, өтпелі миопия мен жедел жабық бұрышты глаукомаға әкелетін идиосинкразия реакцияын тудыруы мүмкін. Симптомдар көру өткірлігінің күрт төмендеуі немесе көз ауруын қамтиды және әдетте препаратты қабылдаған сәттен бастап бірнеше сағаттан бір аптаға дейін байқалады. Тиісті ем жүргізілмесе жедел жабық бұрышты глаукома көру қабілетінің жоғалуына әкелуі мүмкін. Бірінші кезекте дәрілік препаратты қабылдауды мүмкіндігінше тезірек тоқтату қажет. Егер көзішілік қысым жоғары болып қала берсе, дереу терапиялық немесе хирургиялық ем қажет болуы мүмкін. Жедел жабық бұрышты глаукоманың дамуына әкелуі мүмкін қауіп факторларына анамнезінде сульфонамидтерге немесе пенициллинге аллергияны жатқызуға болады.
Дозалау режимі
Эссенциальді гипертензия
Нолипрел Форте Аргинин - таңертеңгі тамақ алдында күніне 1 таблеткадан. Егер артериялық қысым емдеудің 1 айы ішінде төмендемесе, онда дозаны екі еселеу қажет.
Егде жастағы пациенттер:
Егде жастағы пациенттерде плазмадағы креатинин мөлшерінің көрсеткіштері жасын, салмағын және жынысын ескере отырып түзетілуі тиіс. Егде жастағы пациенттерге препаратты бүйрек функциясы қалыпты болған жағдайда тағайындайды, мұндайда АҚ төмендеу дәрежесін бақылаған жөн.
Бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттер:
Бүйрек функциясының ауыр жеткіліксіздігі бар (креатинин клиренсі (КК) минутына 30 мл-ден азырақ) пациенттерге препаратты қолдануға болмайды.
Бүйрек функциясының орташа жеткіліксіздігінде (креатинин клиренсі (КК) 30-60 мл/мин) ең жоғары тәуліктік дозасы күніне Нолипрел Форте Аргининнің бір таблеткасы.
Емдеу аясында КК ≥ 60 мл/мин пациенттерге қан плазмасындағы креатинин және калий концентрацияларын ұдайы бақылау қажет.
Бауыр функциясы бұзылған пациенттер:
Препаратты бауыр функциясының ауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерге қолдануға болмайды. Бауыр функциясының орташа айқын жеткіліксіздігінде дозаны түзету қажет емес.
Балалар және жасөспірімдер:
Нолипрел Форте Аргининді 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге, осы жас тобында препаратты қолданудың тиімділігі мен қауіпсіздігі жөнінде деректер жоқ болғандықтан, тағайындамаған жөн.
Енгізу әдісі мен жолы
Пероральді қабылдау.
Артық дозаланған жағдайда қабылдануы тиіс шаралар
Симптомдары: жүректің айнуымен, құсумен, құрысулармен, бас айналумен, ұйқышылдықпен, сананың шатасуымен, олигуриямен, ануриямен және су-электролиттік теңгерімнің бұзылуымен қатар жүретін айқын гипотензия.
Емі: симптоматикалық, науқасты көлденеңнен жатқызу, асқазанды адсорбенттермен және натрий сульфатымен шаю, сұйықтық тапшылығының орнын толтыру үшін вена ішіне ерітінділер құю, электролиттік теңгерімді түзету. Қажет болған жағдайда пациентті қарқынды емдеу палатасына жатқызады. Гемодиализ (полиакрилонитрилді өткізгіштігі жоғары жарғақшаларды пайдалануға жол бермеген жөн).
30 таблеткадан полипропиленді контейнерге салынған.
1 контейнер медициналық қолдану жөніндегі қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге картон қорапқа салынған.
30°С-ден аспайтын температурада, тығыз тығындалған контейнерде сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
3 жыл
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды.
Жеткізуді таңдаған кезде, сіз тапсырысыңызды сайтта немесе қосымшада Kaspi-дегі қашықтан төлеу арқылы немесе белгілі бір дәріханаларда карта, Apple Pay немесе Google Pay арқылы төлей аласыз. Өзіңіз алып кетуді таңдаған кезде, сіз тапсырысты белгілі бір дәріханаларда Kaspi QR, карта немесе қолма-қол ақша арқылы немесе сайтта немесе қосымшада Kaspi-дегі қашықтан төлеу арқылы немесе белгілі бір дәріханаларда карта, Apple Pay, Google Pay арқылы төлей аласыз.
Жеткізу Алматы, Астана, Шымкент, Караганды қалаларында Яндекс және Choco жеткізу қызметтерінің тарифтері бойынша, сондай-ақ Қазақстанның басқа қалаларына Avis жеткізу қызметінің тарифтері бойынша немесе Indrive қызметі арқылы жүзеге асырылады. Choco-дан басқа барлық жеткізу қызметтері тәулік бойы қолжетімді. Choco жеткізуі Алматыда 01:20-ға дейін, Астанада 00:50-ге дейін, Шымкентте, Карагандыда 23:00-ге дейін қолжетімді.
Заңнамаға сәйкес, жалпы ереже бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар қайтарылуға және айырбасталуға жатпайды. Толығырақ ақпарат алу үшін біздің қолдау қызметіне хабарласыңыз.
Фармацевттің тегін кеңесі және сізге ең жақын дәріхананы таңдау мүмкіндігі. Дәріханаларда болуын тексерудің қарапайым жүйесі және бағаларды ыңғайлы салыстыру. Өнім бетінде егжей-тегжейлі анықтамалық материалдар және қолдану жөніндегі нұсқаулар бар.
-ден