Құрамы
БРУФЕН® РАПИД препаратының капсулалары құрамында калий бар (калий гидроксиді түрінде), бүйрек функциясы төмендеген немесе калийдің тамақпен бірге түсуі бақыланатын адамдарға абайлап тағайындау керек.
БРУФЕН® РАПИД препаратының капсулалары құрамында сорбитол бар. Препаратты тұқым қуалайтын фруктоза жақпаушылығы бар пациенттерге қолдануға болмайды.
БРУФЕН® РАПИД препаратының капсулалары құрамында лецитин (соя) бар, препарат жергілікті тері реакцияларын (жанасу дерматиті) тудыруы мүмкін.
Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі
Ибупрофенді (басқа да ҚҚСП) келесі препараттармен бір мезгілде қолданбау керек:
Аспирин: дәрігер тағайындаған аспириннің төмен дозаларын (тәулігіне 75 мг артық емес) қоспағанда, өйткені бірге қолдану жағымсыз әсерлердің пайда болу қаупін арттыруы мүмкін.
Ибупрофен осы препараттарды бір мезгілде тағайындағанда тромбоциттер агрегациясына аспириннің төмен дозаларының әсерін бәсекелі түрде тежеуі мүмкін. Осы деректердің клиникалық жағдайға экстраполяциясына қатысты белгісіздікке қарамастан, ибупрофенді тұрақты ұзақ қолдану ацетилсалицил қышқылының төмен дозаларының кардиопротекторлық әсерін төмендетуі мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды. Ибупрофенді кездейсоқ қолданған кезде клиникалық маңызды әсері ықтимал деп есептелмейді.
Басқа ҚҚСП, атап айтқанда, циклооксигеназа-2 селективті тежегіштері: жағымсыз әсерлердің туындау қаупінің ықтимал ұлғаюына байланысты ҚҚСП тобынан екі және одан да көп препаратты бір мезгілде қолданудан аулақ болу керек.
Келесі препараттармен бір мезгілде сақтықпен тағайындау керек:
Глюкокортикостероидтар: ойықжара немесе асқазан-ішектен қан кету қаупінің ықтимал ұлғаюына байланысты.
Гипотензивті препараттар мен диуретиктер: ҚҚСП осы топтардың препараттарының тиімділігін төмендетуі мүмкін. Диуретиктермен бір мезгілде қолдану ҚҚСП нефроуыттылығының жоғарылауына әкелуі мүмкін. Бүйрек функциясы бұзылған кейбір пациенттерде (мысалы, сусыздану бар пациенттерде немесе бүйрек функциясының бұзылуы бар егде жастағы пациенттерде) АӨФ тежегішін, бета-блокаторды немесе ангиотензин-II антагонистін және циклооксигеназаны тежейтін дәрілерді бірге енгізу, әдетте қайтымды болатын жедел бүйрек жеткіліксіздігінің мүмкіндігін қоса, бүйрек функциясының одан әрі нашарлауына әкелуі мүмкін. Сондықтан біріктірілімді, әсіресе егде жастағы адамдарда сақтықпен тағайындау керек. Пациенттер жеткілікті түрде гидратациялануы тиіс және қатарлас ем басталғаннан кейін және одан кейін мезгіл-мезгіл бүйрек функциясын бақылау туралы қарастыру керек.
Антикоагулянттар: ҚҚСП антикоагулянттардың, атап айтқанда варфариннің әсерін күшейте алады.
Пробенецид және сульфинпиразон: құрамында пробенецид немесе сульфинпиразон бар дәрілік заттар ибупрофеннің шығарылуын кешіктіруі мүмкін.
Антиагреганттар және серотонинді кері қармаудың селективті тежегіштері (СКҚСТ): асқазан-ішектен қан кетудің жоғары қаупі.
Жүрек гликозидтері: ҚҚСП және жүрек гликозидтерін бір уақытта тағайындау жүрек жеткіліксіздігінің нашарлауына, шумақтық сүзілу жылдамдығының төмендеуіне және қан плазмасындағы жүрек гликозидтерінің концентрациясының жоғарылауына әкелуі мүмкін.
Литий препараттары: ҚҚСП қолдану аясында қан плазмасындағы литий концентрациясының жоғарылау ықтималдығы туралы деректер бар.
Метотрексат: ҚҚСП қолдану аясында қан плазмасындағы метотрексат концентрациясының жоғарылау және уытты әсердің күшею ықтималдығы туралы деректер бар.
Циклоспорин: ҚҚСП және циклоспоринді бір мезгілде тағайындағанда нефроуыттылық қаупінің артуы.
Мифепристон: ҚҚСП қабылдауды мифепристонды қабылдағаннан кейін 8-12 күннен ерте бастамау керек, өйткені ҚҚСП мифепристонның тиімділігін төмендетуі мүмкін.
Такролимус: ҚҚСП және такролимусты бір мезгілде тағайындаған кезде нефроуыттылық қаупінің артуы мүмкін.
Зидовудин: ҚҚСП мен зидовудинді бір мезгілде қолдану гематологиялық уыттылықтың жоғарылауына әкелуі мүмкін. Зидовудинмен және ибупрофенмен бірге ем қабылдаған гемофилиясы бар АИТВ-оң пациенттерде гемартроз бен гематомалардың туындауының жоғары қаупі туралы деректер бар.
Хинолон қатарындағы антибиотиктер: ҚҚСП және хинолон қатарындағы антибиотиктермен бірге ем алатын пациенттерде құрысулардың туындау қаупі артуы мүмкін.
CYP2C9 тежегіштері: Ибупрофенді CYP2C9 тежегіштерімен бір мезгілде қолдану ибупрофеннің (CYP2C9 субстраты) әсерін арттыруы мүмкін. Вориконазол және флуконазолмен (CYP2C9 тежегіштері) жүргізілген зерттеу S(+)-ибупрофен әсерінің шамамен 80-100% жоғарылағанын көрсетті. Күшті әсер ететін CYP2C9 тежегіштерін бір мезгілде қолданғанда, әсіресе ибупрофеннің жоғары дозаларын вориконазолмен немесе флуконазолмен бір мезгілде қолданғанда ибупрофен дозасын төмендету туралы мәселені қарастыру қажет.